Доллар дес бермей тұр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3358

Тамыз айында шетел валютасын сатып алуға 343,9 млрд теңге жұмсалды.

Доллар дес бермей тұр

Өткен айда халық 343,9 млрд теңгеге шетел валютасын сатып алды. 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда рубльге деген сұраныс 56,2%-ға артты.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, шетел валютасына деген алабөтен сұраныс жазғы демалыс маусымымен байланысты болды. Ал Ресей валютасын сатып алушылар санының көбейуіне теңгенің рубльге қатысты бағамының нығаюы ықпал етті.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында бір рубль 5,77- 5,35 теңге аралығында саудаланды.

"Ұлттық валюталар шекара маңындағы облыстарда жасалған сауда қарым-қатынасында жиі пайдаланылды. Бұл сұраныстың артуына себеп болды", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Дегенмен рубльге деген сұраныс долларға құмартқандардың қарасын азайта алмаған.  Бұған Ұлттық банк таратқан дерек дәлел.

Қаржы реттеушісінің ақпаратынша, тамызда АҚШ доллары негізгі сұранысқа ие болған. Сатып алушылардың 71,1% -ы әмияндарын  "көк қағазбен", 21% -ы рубльмен, 7,5% -ы еуромен толтырған.

Еуро демекші, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыратын болсақ, валютаның дәл осы түріне деген сұраныс бір жылда 46,6%-ға өскен.

"Еуроға деген сұраныс тұрақсыз. Бірде өсіп, бірде түсіп отырады", – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Жалпы есепте бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, қолма-қол шетел валютасын нетто-сатудың көлемі 4,5%-ға төмендеген. Бұған АҚШ долларын сатып алу көрсеткішінің бір жылда 17%-ға қысқаруы себеп болған.

"Тұтастай алғанда қолма-қол шетел валютасына сұраныс өткен жылдың  орташа статистикалық деңгейінде тұр", – деп жазды Ұлттық банк өзінің ресми ресурсына.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу